Баянауыл ұлттық саябағы салғырт тұрғындардан миллион теңгеден астам айыппұл өндіріп алды

Ол үшін 70 рейд жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы Баянауыл ұлттық саябағында ағаштарды заңсыз кескен адам ұсталмаған. Бірақ 70 рейд барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 29 фактісі тіркелген. Бұл туралы ұлттық саябақтың директоры Аждар Жүсіпов мәлім етті.
– Адамдар орман қоры жерлерінде заңсыз құрылыс салып, ерекше қорғалатын аумақтарда рұқсатсыз мал жаяды, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды, орман фаунасына зиян келтіріп, ормандарды химиялық заттармен ластайды, балық аулау ережелерін бұзады. Осы және басқа да көптеген себептерге байланысты хаттама толтырамыз, – дейді Аждар Жүсіпов.
Бір іс сотқа жолданған.
Нәтижесінде аталған бұзушылықтардың барлығына жалпы сомасы 1 467 570 теңге айыппұл салынып, оның 1 282 970 теңгесі өндірілген. Табиғатқа келтірілген шығын 19 199 теңгеге бағаланып, толығымен өндірілді.