Павлодарда дендрологиялық жоспар құру тапсырылды

Павлодарда дендрологиялық жоспар құру тапсырылды
Фото: Есенжол Исабек

Бұл жоспар жасыл массивтер мен белдеулерді құрудың бірыңғай тұжырымдамалық тәсілін әзірлеуге бағытталған, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру бойынша жиналыс өткізді. Павлодар үшін көгалдандыру – ең маңызды мәселелердің бірі. Өнеркәсіптік кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы жасыл желектер табиғи сүзгі қызметін атқарады.

Өңір басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес санитарлық аймақты ұстау әрбір кәсіпорынның тікелей міндеті екенін еске салды. Алайда, сандық көрсеткіштердің өсуіне қарамастан, отырғызу сапасы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сонымен қатар, санитарлық аймақ – бұл құбырдың айналасында ғана көрсетілген шартты шеңбер емес. Кейбір кәсіпорындарда санитарлық-қорғау аймағы өнеркәсіптік алаңның шекарасынан, ал, басқаларында – ең шеткі шығарындылар көздерінен басталады.

Экокеңес мүшелері жүргізген қоғамдық мониторинг ағаштардың жерсіну деңгейінің төмендігін көрсетті. Мәселен, 2022 жылғы ПМХЗ отырғызған көшеттердің жерсінуі 40 % құрады. «Қазақстан Алюминийі» АҚ және «ҚЭЗ» АҚ санитарлық-қорғау аймағының аумағында өткен жылы 27 мың түп ағаш отырғызылды. Олардың жерсінуі небәрі – 11 %. 

Облыс әкімі 1 қазанға дейін санитарлық-қорғау аймақтарының шекараларын анықтау алгоритмін қарауды, санитарлық аймақтардың аумақтарында және қосымша учаскелерде тамшылатып суару мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Жасыл массивтер мен белдеулерді құрудың бірыңғай тұжырымдамалық тәсілін әзірлеу үшін 1 желтоқсанға дейін кәсіпорындардың өтем ретінде отырғызатын ағаштары үшін учаскелерді анықтап, дендрологиялық жоспарлар ұсыну тапсырылды.

Еске сала кетейік, азаматтық эко-форум отырысында экологиялық технологиялар жөніндегі құзырет орталығының басшысы Өмірбек Ахан өңірдегі климатты жақсарту үшін дендро жолақ керек екенін айтқан болатын.