Баянауылда болашақ Фелпстер тәрбиелене бастады
Баянауылда заманауи бассейн пайдалануға берілді. Бұл — Павлодар облысындағы аудан орталықтары арасында салынған алғашқы бассейн, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған нысанның ашылуы аудан үшін маңызды оқиға болып, балалар мен тұрғындарға спортпен жүйелі түрде айналысуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Енді баянауылдық балалар жүзуді үйреніп қана қоймай, дене дайындығын жетілдіріп, түрлі спорт бағыттарымен айналысуға мүмкіндік алды. Бассейн болашақта су спорты түрлерін дамытуға, жарыстар мен сауықтыру шараларын өткізуге арналған маңызды базаға айналмақ.
Аудан тұрғындары енді футбол, волейбол, баскетбол, белбеу күресі, грек-рим күресі, қазақ күресі, садақ ату, тоғызқұмалақ және жүзумен айналыса алады Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Қанат Сабықтың айтуынша, қазіргі таңда бассейнде жеті оқу-жаттығу тобы жұмыс істейді, онда 100-ден астам бала тұрақты түрде жаттығуда.
— Бұл – Баянауыл ауданы үшін аса маңызды әрі көптен күткен жоба. Балаларға жүзуді ерте жастан үйренуге, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға жағдай жасалды. Ата-аналар тарапынан да, балалардың өзінен де қызығушылық жоғары. Бассейн салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды орталығына айналып келеді, — деді Қанат Сабық.
Сабақтар таңертең 09:00–10:30 және 10:30–12:00 уақыттарында, сондай-ақ түстен кейін 15:00–16:30 және 17:00–18:30 аралығында өткізіледі. Кешкі уақытта, сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін, ересектерге арналған жүзу сабақтары ұйымдастырылады.
Аталған нысан Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың әр аудан орталығында заманауи спорт нысандарын салу жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылды. Бұл бастама өңір тұрғындары үшін спортпен айналысуға тең мүмкіндіктер қалыптастыруды көздейді.
Жаңа бассейннің ашылуы аудан спортын дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға тың серпін беріп отыр.
Қазіргі уақытта Ақтоғай, Ертіс, Май және Успен аудандарында осындай спорт нысандарының құрылысы жүріп жатыр.