Павлодар облысында үш республикалық трассада жөндеу жүріп жатыр

Павлодар облысында үш республикалық трассада жөндеу жүріп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жобалар аясында жүздеген мың шаршы метр жол жабыны жаңартылып, жол инфрақұрылымы жақсартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, жобалар «KAZ20 Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара», «KAZ-04 Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – РФ шекарасы» және «KZ14-03 Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов» бағыттарын қамтиды.

«KAZ20 Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» жолының бірнеше учаскесінде суық ресайклирлеу әдісімен 118 мың шаршы метр негіз төселді. Сонымен қатар 97 мың шаршы метрден астам ескі асфальт жабыны фрезерленіп, 186 мың шаршы метрден астам жаңа асфальтбетон қабаты төселді. Жоба аясында бір су өткізгіш құбыр толық қайта жаңғыртылды.

«KAZ-04 Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – РФ шекарасы» жолының ұзындығы 22,6 шақырым болатын учаскесінде 236 мың шаршы метрден астам жол негізі жаңартылып, 221 мың шаршы метрге жуық төменгі асфальтбетон қабаты төселді.

 «KZ14-03 Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов» автожолында 174 мың шаршы метрден астам жабын фрезерленіп, 173 мың шаршы метрден астам қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның жоғарғы қабаты төселді. Сондай-ақ 75 мың шаршы метр жол жиегі бекітіліп, 48 шақырым жол таңбаланған. Бұдан бөлек, 892 метр қоршау жаңартылды.

Жолшылардың мәліметінше, барлық жобалар бойынша жұмыстар жоспарланған мерзімге сәйкес жалғасып жатыр.