Баянауылда білім нысандарының жылу жүйесі жаңаруда
Осы мақсатта ауыл мектептеріне жаңа қазандықтар сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Баянауыл ауданына жасаған жұмыс сапары барысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Жұмыс сапары кезінде Майқайың кентінің орталық жылу қазандығын тексерді. Қазіргі уақытта «АК Алтыналмас» АҚ-мен жасалған меморандум аясында кенттің жылу желілерін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Жоба аясында орталық жылу трассасына жаңа учаскелер қосылып, қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйелері қайта жаңартылмақ.
Сонымен қатар, ауданның білім беру нысандарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жұмыстар аяқталды. Мердігер «ЭММИ» ЖШС келісімшарт міндеттемелерін толық орындап, нысандардағы жаңарту жұмыстарын сапалы жүргізген.
Атап айтқанда Ш.Шөкин атындағы мектеп пен «Балапан» балабақшасына құны 80 миллион теңгені құрайтын жаңа модульдік қазандық орнатылса, М.Ж.Көпеев атындағы мектептегі модульдік қазандық 68 миллион теңгеге жаңартылды. Ал Сұлужон мектебіндегі қазандық 6,5 миллион теңгеге ауыстырылды.
Бұдан бөлек, ауылдық мектептердің жылу жүйесін жаңарту үшін жалпы құны 60 миллион теңге болатын КВР-350 маркалы жаңа қазандықтар сатып алынды. Олар Шадыра, Ж.Ағаділов атындағы, С.Торайғыров атындағы және Б.Хайдаров атындағы мектептерге орнатылады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар білім беру нысандары мен елді мекендердің жылыту маусымына сапалы әрі уақытылы дайындалуына бағытталған.