Павлодар – Ақсу жаңа көпірін жарықтандыру тапсырылды
Екі қаланы байланыстыратын көпірді жарықтандыру бойынша шағымдар жиілеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде аймақ басшысы Асайын Байханов мәлім етті.
– Ақсу және Павлодар қалаларын байланыстыратын жаңа көпірде жарықтандыру толық істемейді. Осыған қатысты тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар түсуде. Павлодар қаласының әкімімен бірлесіп, сол жерде жұмыс атқару керек, – деді облыс әкімі.
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Павлодар облысы филиалының басшысы Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, жарықдиодты шамдарды толық ауыстыру үшін тендер өткізіліп, келісімшарт жасалған.
– 580 жарықдиодты шам, кабель сатып алынды. Жабдықтаушы тауарды осы аптада жеткізген соң бірден екі бригада жұмысты бастайды. Айдың соңына дейін жұмысты аяқтаймыз. Мердігер ұйым – «Каз-Сервис» ЖШС, – деді Ермұрат Нұрханов.
Асайын Байханов жарықтандыру мәселесін қазан айының соңына дейін толық шешуді тапсырды.
– Қазір күн суытады, жауын жауады. Күн ерте батады. Жарықтандырудың жоқтығынан небір апаттар болуы мүмкін. Ешкімді жауапкершілікке тартпау үшін тезірек ұйымдастыру қажет. Бұл «ҚазАвтожолдың» көпірі деген позиция болмауы керек. Сондықтан әкімдікпен бірге жұмыс атқарылуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, құрылысы үш жылдан астам уақытқа жалғасқан көпір Орталық-Шығыс автожолының бір бөлігі саналады. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі көпір. Жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды қысқартты.