Баянауылда фермер жерді заңсыз пайдаланған

Баянауылда фермер жерді заңсыз пайдаланған
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Шаруа жалға алған жер телімін пайдалану мерзімінің аяқталғанын ескермей, жұмысын жалғастыра берген,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратура қызметкерлерінің мәліметінше, Баянауыл ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды пайдалану кезінде жер заңнамасының талаптарының сақталуына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар жер пайдаланушының жалдау мерзімі аяқталғаны анықталды. Соған қарамастан олар жер телімдерін мемлекетке қайтармай, пайдалануды жалғастырған.

Соның бірі – Қызылтау ауылдық округіндегі «Рымжан» шаруа қожалығы. Қожалық 680,4 гектар аумақты заңсыз иеленіп келген. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заң бұзушылықтар жойылды, – деп хабарлады қадағалай органынан.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде кадастрлық құны 16 миллион теңгеден асатын екі мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.