Конституцияның 30 жылдығына орай Павлодар облысында жүзге жуық іс-шара өтуде

Мерекелік шаралар облыстың барлық аумағын қамтып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Павлодар облысында кең ауқымды іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Мерекелік бағдарлама аясында түрлі форматтағы 93 іс-шара өткізу көзделген.
Мерекелік шаралар облыстың барлық аумағын қамтып отыр. Білім беру мекемелерінде, музейлерде, мәдениет үйлерінде, театрларда, кітапханаларда, шығармашылық орталықтарда және спорт кешендерінде мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары кездесулер мен бағдарламалар ұйымдастырылуда. Олардың қатарында көрмелер, фотокөрмелер, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері, музыкалық-патриоттық кештер, жастар мен зейнеткерлерге арналған воркшоптар мен ашық дәрістер бар. Сондай-ақ пікірталастар, көшпелі құқықтық қабылдаулар мен консультациялар, спорттық жарыстар, фестивальдер және заманауи форматтағы квиз-ойындар да өткізіліп жатыр.
Мерекелік бағдарлама қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және азаматтардың отансүйгіштік рухын арттыруға бағытталған.
Облыс тұрғындары үшін ұйымдастырылған мазмұнды және алуан түрлі шаралар елдің басты құжаты – Конституцияның мәнін насихаттап, құқықтық мәдениетті арттыруға, отансүйгіштік пен азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған.