Баянауылда заңсыз еңбекпен айналысқан шетелдіктер анықталды

Олар уақытша тіркелген жерінде емес, басқа жерде жұмыс жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын тексерді.
Тексеру нәтижесінде 8 шетелдік азаматтың заңсыз қызметпен айналысқаны белгілі болды. Олар уақытша тіркеуден өткен мекенжайында тұрмай, басқа жерде құрылыс жұмыстарын жүргізген. Бұл Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзу болып табылады.
– Құқық бұзған әрбір азамат міндетті түрде заң алдында жауап береді. Шетелдіктердің ел аумағында белгіленген ережелерді сақтауы – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды кепілі, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінде.
Аталған құқық бұзушылық фактілері бойынша тәртіп сақшылары әкімшілік материалдар жинақтап, сотқа жолдады. Сонымен қатар, заңсыз жұмыс күшін пайдаланған жұмыс берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Ішкі істер органдарының басты қағидаты – «Заң және тәртіп». Бұл қағида азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және заң талаптарының сақталуына бағытталған, – деді департаментте.
Осы ретте тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындар мен жұмыс берушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.