Павлодар облысында өнеркәсіп саласында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

Павлодар облысында өнеркәсіп саласында қандай жобалар жүзеге асырылуда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар іске қосылған кезде 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, өңіріміз Қазақстанның индустриялық орталығы болып табылады. Бүгінде жалпы құны 6,8 трлн теңге болатын 85 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, бұл 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2025 жылы облыста жалпы сомасы 132,9 миллиард теңге болатын төрт ірі өнеркәсіптік жоба іске қосу жоспарлануда, бұл 1 222 жаңа жұмыс орнын ашады.

Екібастұз қаласында жылына 300 000 тонна ферросилиций өндіретін екі ферроқорытпа кәсіпорнын – «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС және «Kazferro Limited» ЖК іске қосу көзделуде. Бұл жобалар металлургия саласын дамытуға үлес қосып, өңірдегі ферроқорытпа өндірісінің көлемін арттырады.

«Алиот-сервис» ЖШС жылына 40 200 бұйым өндіретін механикалық өңдеу учаскесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Павлодарда Арнайы экономикалық аймақ аумағында жылына 8 700 тонна металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылады.

– Бұл бастамалар Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, сондай-ақ өңір экономикасының дамуына маңызды қадам болмақ, – деп жазды облыс әкімінің орынбасары жеке парақшасында.

Бүгінгі таңда Павлодар облысының өнеркәсіп саласында жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 28 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 9,9 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Әсіресе, екі ірі жоба ерекше маңызға ие – жылына 160 000 тонна ферросилиций өндіретін «Mineral Product International» ферроқорытпа зауытының құрылысы және жылына 300 000 тонна алтын құрамды концентраттарды қайта өңдейтін «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты». 

Бұл жобалар Президент тапсырмасымен құрылған Қазақстан Республикасының 17 негізгі бастамасының қатарына енген. Сонымен қатар, өңір үшін аса маңызды жобалардың бірі – «Rail Way Steel» ЖШС-нің жылына 1 млн тонна төмен легирленген болат өндіретін электрометаллургиялық кешенінің құрылысы.

Әйгерім Қабылтаеваның  сөзінше, Павлодар облысында өнеркәсіптік секторды кешенді дамыту өңірді Қазақстандағы ең тартымды инвестициялық аймақтардың біріне айналдырады. Металлургиялық кластерді дамыту, жаңа өндірістерді қолдау және жоғары технологиялық кәсіпорындар құру өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып, оны халықаралық өнеркәсіптік тізбектерге біріктіруге мүмкіндік береді.