Бейіндік пәндерді ҰБТ сайын өзгертуге болады
Қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларындағы ҰБТ-да әптүрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаңтар ҰБТ-сында математика-физика тапсырсаңыз, наурыз ҰБТ-сында биология-химия, негізгі ҰБТ-да қазақ тілі-қазақ әдебиеті, тамыз ҰБТ-сында дүниежүзі тарихы-құқық таңдай аласыз.
- Негізгі ҰБТ-ны тапсыруға берілген екі мүмкіндікте тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай аласыздар. Егер негізгі ҰБТ-да география-шет тілін таңдасаңыз, екі мүмкіндікте де осы комбинацияны тапсырасыз, - делінген Ұлттық тест орталының хабарламасында.
Айта кетелік, наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 15-25 ақпан аралығында болады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.