Алкогольге тәуелді павлодарлық мәжбүрлі емге жіберілді
Ол енді 3 тәулік арнайы мекемеде ем алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
- «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Оңтүстік полиция бөлімінің №11 тірек пунктінің учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақты профилактикалық тұрғыда пысықтау жұмыстарын жүргізді. Шара барысында алкогольдік ішімдіктерді жүйелі түрде тұтынып, қоғамдық тәртіпті бұзған азамат анықталды. Профилактикалық ықпал ету шараларын қабылдау мақсатында азамат медициналық мекемеге жеткізіліп, міндетті медициналық куәландырудан өтіп, қажетті талдаулар тапсырды, - деді аға учаскелік полиция инспекторы Абылайхан Жүнісов.
Медициналық қорытынды нәтижелері мен азаматтың мінез-құлқын ескере отырып, оған қатысты мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қолданылды. Аталған азамат үш тәулікке дейін мәжбүрлеп емдеу үшін медициналық мекемеге жатқызылды.
Полиция инспекторының айтуынша, мұндай шаралар қайталанатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар деңгейін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады.