Қазақстан 2026 жылы 20 жаңа халықаралық әуе бағытын ашты

Қазақстан 2026 жылы 20 жаңа халықаралық әуе бағытын ашты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алдағы уақытта Токио, Сингапур, Гонконг және Нью-Йоркпен тікелей әуе қатынасын дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа бағыттардың қатарында Алматы мен Астанадан Шанхай, Гуанчжоу, Бангкок, Сиань, Чунцин, Самарқанд, Вьентьян, Ларнака және Ыстанбұлға қатынайтын рейстер бар. Сонымен бірге Ақтау, Атырау және басқа қалалардан халықаралық бағыттар ашылды.

Биылғы 30 қарашада Алматы – Токио тікелей рейсін іске қосу жоспарланған. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды.

– Жаңа бағыттар халықтың мобильділігін арттырып қана қоймай, іскерлік байланыс, туризм, инвестиция және халықаралық сауда үшін қосымша мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Халықаралық желіні кеңейту 2027 жылы да жалғаспақ. Екінші тоқсанда Алматы – Сингапур бағытын ашу көзделген. Ал қаңтардан бастап Cathay Pacific Air Astana-мен серіктестікте Алматы мен Гонконг арасында тікелей рейс орындауды жоспарлап отыр.

Солтүстік Америка бағыты да қарастырылуда. Алматы – Нью-Йорк тікелей рейсін 2027 жылдың екінші жартысында іске қосу пысықталып жатыр. Жоспардың жүзеге асуы үш Boeing 787-9 ұшағының жеткізілуіне және АҚШ авиация органдарының тиісті рұқсаттарына байланысты.

Әуе бағыттарын кеңейту Қазақстанның Азия, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы көлік байланыстарын дамыту саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.