Биыл Ертіс орманында он бес миллионға жуық қарағай көшеті отырғызылады
Ағаш егу науқаны сәуірде басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде орманшылар қарағай көшеттерін отырғызу үшін көктемгі ылғал жинап жатыр. Онда үлкен қар үйінділері сабанмен, шөп қалдықтарымен жабылады.
- Биыл орман алқаптарында 14,5 млн қарағай көшетін егу жоспарланып отыр. Орманшылар сәуірде ағаш егу жұмыстарын жүргізеді. Қарағай көшеттері отырғызылатын танаптарға қарды үймелеп жинаймыз да, үстін қалың шөппен, сабанмен жауып тастаймыз. Көмілген қар көктемде ұзақ уақыт ерімей жатады. Сәуір айында жас көшеттерді отырғыза бастағанда тамырын қар кесектерімен бірге көмеміз. Бұл әдіс көшеттердің тамырына көпке дейін ылғал беріп тұруға арналған, - деп түсіндірді резерваттан.
Бүгінде орманшылықтар қарларды үймелеп, үстін жауып жатыр. Орман тұқымбақтарынан қазып алынғаннан көшеттер қармен бірге көмілгенде жақсы сақталады. Әрі бұл көшеттердің жерсінуі үшін маңызды.
Орман алқаптарын екпе көшетпен толық қамтамасыз ететін екі тұрақты орман тұқымбағы бар. Мамандар екі жылдық қарағай көшеттерінің тамыры қажетті тереңдік бойынша – 25-30 см ұзындықта кесілетінін айтады. Көшетті салу үшін тракторлардың көмегімен орманшылар жер қабатын аудармай көтереді. Содан соң өскіндерді қар үйінділерімен бірге апарып көмеді. Тамыры қар кесегімен және шөппен нығыздалған қарағай көшеттері шілде айына дейін сол күйінде жетілмей сақталып тұрады.
Тамырындағы қар тек шілде айында еріп, күн ыстықта көшеттің тез жетілуіне нәр бере бастайды. Осылайша арнайы технологияның арқасында қарағай екпелері жаздың ыстық күндерін аман-есен өткереді.
Айта кетелік, былтыр «Ертіс орманы» резерватына 12 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылған.