Былтыр Павлодар облысында 450 келі есірткі заты тәркіленді
Оның 58 килограмы синтетикалық есірткі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында нашақорлыққа қарсы күрес негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, заңсыз айналымды және есірткіге қол жеткізуді қысқарту, қоғамда тыйым салынған заттарды заңсыз қолдануға және олардың заңсыз айналымға қатысуына саналы теріс көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ есірткі құралдарын заңсыз қолданудың ауыр салдарын төмендету.
2025 жылы қолданған шараның нәтижесінде өңірде 241 есірткі құқық бұзушылығы анықталды.
- Жалпы алғанда, 116 сату фактісі, аса ірі көлемде сақтаудың – 7, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің – 5, есірткі заттарын заңсыз насихаттау және жарнамалаудың 3 фактісі ашылды, ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Сондай-ақ 892 әкімшілік хаттама толтырылды,- деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Заңсыз айналымнан 455 килограмм есірткі заты тәркіленді. Оның 58 килограмы - синтетикалық есірткі. Сонымен қатар, есірткі сататын 3 интернет дүкен, есірткі және психотропты заттарды жеткізетін 12 арнаның жолы кесілді.
Халықты есірткі заттарының заңсыз айналымы саласында заңға қайшы әрекеттерге және оны қолдануға тартатын проесірткі контенттерді анықтау және бұғаттау бойынша кешенді іс-шара жүргізілді. 2025 жылы тыйым салынған ақпаратты тарататын 2020 онлайн-ресурс бұғатталды.
Полиция департаменті есірткі қылмысы және балалар мен жастарды тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тартудан қорғау бойынша профилактикалық жұмысты жалғастырып жатыр.