Павлодарда дене шынықтыру мұғалімінен есірткі заты табылды
Педагог қызметін тиісінше бақыламаған мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2023 жылдың қазан айында 26 жастағы павлодарлықты полиция қызметкерлері психотроптық зат алып жүргені үшін ұстады.
- Ұстау кезінде жігіттің жанында әйелі болды. Анықталғандай, ол психотроптық заттарды пайдаланады және облыс орталығындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істейді. Тергеуші білім беру органдарына ұсыныс жолдады, ол бойынша шешім қабылданды,- деді облыстық ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Шешім бойынша дене шынықтыру мұғалімімен еңбек шарты бұзылды. Сонымен қатар, педагог қызметін тиісінше бақыламағаны үшін мектеп директорына тәртіптік жаза қолданылды.
Айта кетелік, тиісті ұйымдарға тек ағымдағы жылы 604 ұсыныс жіберілді. Олар бойынша нақты шаралар қабылданған.