Боранда павлодарлық құтқарушы автоколоннаға жаяу жол көрсетті

Боранда павлодарлық құтқарушы автоколоннаға жаяу жол көрсетті
Фото: Видеодан скрин

Ол - азаматтық қорғау лейтенанты Қайрат Мусинов, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

10 наурыз күні түнде Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары Атамекен – Ертіс – Русская Поляна автожолында дауылды жел мен төмен қарлы боран жағдайында автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетті.

– Құтқару операцияларының бірін жүргізу барысында ТЖД қызметкерлері жолдан шыққан жеңіл автокөлікті алып шықты. Бір жолаушы эвакуацияланып, жылыту пунктіне жеткізілді. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына дейін он автокөлікке сүйемелдеу ұйымдастырылды, - делінген хабарламада.

Қатты боранның кесірінен кей жерлерде көру мүмкіндігі мүлдем болмады. Мұндай жағдайда бас маман, азаматтық қорғау лейтенанты Қайрат Мусинов көлік қозғалысының қауіпсіз бағытын көрсете отырып, автоколоннаның алдына жаяу шықты. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында колонна межелі жерге аман-есен жетті. Зардап шеккендер жоқ.

ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтау және мүмкіндігінше ауа-райының нашарлауы кезінде алыс сапарлардан бас тарту қажеттілігін еске салады. ТЖ жағдайында 112 нөмірі бойынша хабарласуға болады.