Дамуға арналған диалог: Павлодар облысында ҮЕҰ-ның Дүниежүзілік күні аталып өтті

Дамуға арналған диалог: Павлодар облысында ҮЕҰ-ның Дүниежүзілік күні аталып өтті
Фото: Есенжол Исабек

27 ақпанда бүкіл әлемде Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) Дүниежүзілік күні аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыған орай Павлодар облысында азаматтық сектор өкілдері диалог алаңында бас қосып, қоғам дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі ерекше аталды.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде ҮЕҰ-ның өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық мәселелері Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бері түрлі форматта талқыланып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Үкіметтік емес ұйымдардың даму деңгейі – азаматтық қоғамның кемелденуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі әрі елдегі демократиялық үдерістердің даму дәрежесін айқындайтын маңызды индикатор. Биыл біз үшін ерекше жыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде ҮЕҰ елдің дамуына, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамдағы оң өзгерістерді ілгерілетуге зор үлес қосты. Бүгінгі күн олардың адам құқықтарын қорғау, қоршаған ортаны сақтау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қолдау және басқа да бағыттардағы маңызды еңбегін еске салады, – деді Айгүл Мәлікова.

Кездесу барысында «Үздік әлеуметтік жоба» байқауының номинанттары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына үлес қосқан белсенді азаматтық қоғам өкілдері дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Өңірдегі үздік ҮЕҰ қатарында «Павлодар география үйі» қоғамдық ұйымы, «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы, «Жерге бақ сыйла» жеке қоры, «Жас талап» жастар ұйымы және ерекше балалардың ата-аналары одағының облыстық филиалы аталды.

Диалог алаңында «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюк өңірдегі ҮЕҰ-ларды дамыту және билік органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелерін көтерді.

Арамызда саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, ғылым кандидаттары бар, олардың әрқайсысының білімі мен тәжірибесін тиімді пайдалану қажет. Сонымен қатар секторды дамыту үшін оқыту семинарларына сұраныс бар. Азаматтық сектор ұсынатын қызметтерді жүзеге асыру барысында тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы өзара әрекеттесу тәсілдерін жетілдіру де маңызды, – деді Светлана Могилюк.

Айгүл Мәлікова ұсыныстар мен өзара ынтымақтастықты жетілдіруге қатысты мәселелердің маңызын атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.

Диалог алаңы басталғанға дейін бірнеше ҮЕҰ-ның көрмедегі жұмыстарымен таныстым. Екі жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Біріншіден, «Шаңырақ» жанындағы креативті индустрия орталығында ауқымды форум ұйымдастыруға болады. Екіншіден, Баянауыл ауданында визит-орталық ашылуда. Осы жоба аясында География үйі шығарған «Павлодар облысының барлық құстары» атты бірегей кітапты электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұл туристердің өңірдің бай флорасы мен фаунасымен танысуына жол ашады, – деді Айгүл Мәлікова.

Сондай-ақ жиында ҮЕҰ-ларды қаржылай қолдау, жобаларды жүзеге асыру және салалық бағыттар бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты облыстық басқармалар арқылы орындау мәселелері талқыланды. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың қызмет аясын кеңейтіп, әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтық секторды дамытуда басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеу қажеттігі айтылды.