Декреттен тігіншілікке: Павлодарлық бухгалтер жеке кәсібін дөңгелетуде

Декреттен тігіншілікке: Павлодарлық бухгалтер жеке кәсібін дөңгелетуде
Фото: Есенжол Исабек

Бүгінде сұранысқа ие өнімдердің бірі – жүкті әйелдерге арналған жастықтар,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Татьяна Кайль балалар үшін төсек-орындарын, төсек бүйірлерін, түрлі киімдерді, перзентханадан шығаруға арналған конверттерді тігумен айналысып жүргеніне бес жыл болды. Мамандығы бойынша –  бухгалтер. Алайда декреттік демалысқа шыққаннан кейін жұмысын тастауға мәжбүр болған.  

– Үшінші баламды туған кезде бір іспен айналысу керектігін түсіндім. Үй жағдайында сәбилерге арналған киімдер тігіп, осылайша кәсіпті бастадым. Әлеуметтік желіде парақшамды ашып, клиенттер біртіндеп тартыла бастады, – деп еске алады Татьяна Кайль. 


Кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау алу үшін үш рет жүгінген. Былтыр жылдық мөлшерлеме 6%-ды құрайтын несие ресімдеп, құрал-жабдықтар сатып алған, айналым қаражатын толықтырды. 

– Біздегі сұраныста жүрген тауарлардың бірі – жүкті әйелдерге арналған жастық. Ол өте ыңғайлы болып келеді. Ал төсек бүйірлері – ең алғашқы тіктірген тапсырысым, – дейді Татьяна Кайль.


Барлық маталар Алматыдан сатып алынады. Кәсіпкер синтетикалық маталарды қолданудан аулақ болуға тырысады. 

– Тек сапалы өнімді шығарамыз. Бұл – біздің ұстанымымыз. Мақта, плюш және денсаулыққа зиян келтірмейтін маталарды қолданамыз, – деп атап өтті кәсіпкер.


Қыс кезінде балаларға арналған киімдер мен көрпелерге жылытатын толтырғышпен тігеді. Осындай қомақты, қиын жұмысқа кемінде екі-үш сағаттай кетеді. Әдетте бір күнде тігіншілер 10-12 тауар тігіп шығарады. 

Татьяна әзірге үй-жайды жалға алуда, алада болашақта кәсіп үшін өзінің жеке ғимаратты сатып алуға ниеттенеді.