Субсидия Павлодардағы жолаушылар тасымалына қалай әсер етті
Артықшылығы – көліктердің тозуын азайтуында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаржыландыру бағыт желісін кеңейтіп, аймақтағы көлік қызметінің сапасын арттырды. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкіров айтты.
– Биыл бөлінген субсидиялардың арқасында автобус паркі жүз отыз жаңа автобуспен жаңартылды. Павлодарға 110, ал Екібастұзға 20 автобус бөлінді. Бұл маршруттар арасындағы интервалды қысқартуға мүмкіндік берді, – дейді Қанат Қашкіров.
Оның айтуынша, автобус парктерінің тозуы 40 пайыздан 10 пайызға дейін төмендеген. Қала бойынша автобустар 12-15 минуттық интервалмен жүре бастады. Бұған дейін қоғамдық көліктерді 18-20 минут күтуге тура келген.
– Көліктердің тозуы 20 пайызға дейін төмендеді. Жүргізушілердің еңбекақысын 300 мың теңгеден бастап көтерілді. Осының арқасында «D» санатындағы жүргізушілердің тапшылығы байқалмайды, - деді спикер.
Бұдан бөлек, қала әкімдіктерінің мамандары тағы қосымша тоғыз бағытты қосуды ұсынып отыр. Жетеуі Павлодарда мен екеуі Екібастұзда болмақ.
Облыста әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының саны 51-ге жетті. Барлығы 133. 20 облысішілік, 41 ауданішілік және 46 қалалық маршруттар жергілікті бюджеттен 4,8 миллиард теңгеге қаржыландырылады.
Әсия Серікова