Достық үйінде ТЖ жоюға қатысқан жандар марапатталды
Облыс әкімінің Алғыс хаттары құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, еріктілер мен кәсіпкерлерге табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов шақырылғандарға биылғы жылы болған төтенше жағдайлар кезіндегі жанқияр еңбектері мен көмектері үшін зор алғыс пен ризашылығын білдірді. Олардың ішінде «Майқайың-алтын» кәсіпорнында орын алған қайғылы оқиға, Майқайың су құбырындағы апат, облыстың жекелеген аудандарындағы көктемгі су тасқыны бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілді. Барлық әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер шешілді. 30 маусымда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының тұрғындарына жаңа үйлердің кілттері табысталады, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов бірліктің үлгісі деп қиындықтарға бей-жай қарамайтын облыс азаматтарының басқа өңірлерге көрсеткен көмектерін атады. Облыс әкімі демеушілік көмек көрсеткен кәсіпкерлерге де алғысын білдірді.
Салтанатты іс-шара облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.