Екінші Павлодарда балаларға арналған «Алтын сақа» орталығы ашылды
Бос тұрған ғимарат бір жарым жыл ішінде жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 заманауи нысан салу көзделген. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысымызда соңғы жылдары бірнеше ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Дәл осындай нысандардың бірі Екінші Павлодарда орналасқан. Бұрынғы теміржол техникумы орналасқан ғимарат ұзақ уақыт бойы бос тұрған. Былтыр облыс әкімі Асайын Байханов қаланы аралау кезінде ғимаратқа кіріп шығып, ішін қалпына келтіру туралы ой салған болатын. Енді екі қабатты ғимарат қайта жаңарып, іші ретке келтірілді, сырты абаттандырылды.
– Бұл ауданда тұратын адамдардан көп шағым түсетін еді. Ғимараттың айналасы қауіпсіз болмады. Сол кезде біз оны қайта құрып, балалар шығармашылығы мен инновация орталығына айналдырамыз деген шешім қабылдадық. 18 мыңға жуық бала тұратын осындай үлкен шағын ауданда балаларға арналған бірде-бір қосымша білім беру нысаны болған жоқ. Сондықтан бүгінгі іс-шара өте маңызды. Ашып жатқан ғимаратымыз ертеңгі күні балалардың игілігіне, зияткерлігіне білімділігі мен сауаттылығына жұмыс атқарады деп сенемін, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі Павлодар қаласының әрбір шағын ауданында балалар өздерінің қосымша дағдыларын дамытатын орталықтар салынатынын атап өтті.
«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының ашылу салтанатына Екінші Павлодар мөлтек аудан тұрғындары мен мектеп оқушылары қуана келді. №18 орта білім беру мектебінде оқитын баланың ата-анасы Аялуым Қазбек орталықтың ашылуын асыға күткен.
– Өзім үш қыздың анасымын. Әрине, ата-ана ретіне балаларымыз үйіміздің жанында ашылған орталықтағы үйірмелерге апару ыңғайлы. Ол үшін өте қатты қуаныштымын, – деді Аялуым Қазбек.
Шығармашылық орталықтың басшысы Саян Мұқановтың сөзінше, оқушылар үшін инновациялық шығармашылық, музыка, спорт бағыттағы 17 үйірме тегін түрде қолжетімді болады.
– Вокал, театр шығармашылығы, би, дыбыс жазу, теле-фото студиясы, журналистика, мобилография бағдарында дамыту үшін қолайлы орта құрылған, – деді Саян Мұқанов.
Бұдан басқа орталықта «ІТ кеңістік», «Business Space», «Workshop», «Soft-skills space», «Ұлағат» клубы, медация кабинеті, қолөнер студиясы, көркемсурет шеберханасы, қыш құмыра жасау үйірмесі, теле-фото студия, театр өнері, Stand Up, хореография залы бар. Сондай-ақ спортзалда садақ ату, асық атуға болады.
«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында 17 педагог жұмыс істейді. Орталық мыңға жуық баланы қамтып, бір күнде 250 баланы оқуға қабылдайды.
Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың айтуынша, ғимарат бір миллиард 750 миллион теңгеге жөнделді. Құрылыс бір жарым жылға созылды.
– Қараусыз қалған ғимарат бұрын теміржол колледжіне тиесілі болды. Кейіннен ол құрылыс басқармасына беріліп, реконструкция бойынша жоба дайындалды. Былтыр облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу басталған болатын, – деді Асқар Ажмұрат. – Орталықтың аумағында екі шағын спорт алаңы бар. Жүгіру жолағы да қарастырылған.
Сыртқы абаттандыру жасалған кезде облыс әкімінің ұсынысы назарға ескерілді. Балалар ойын алаңы, кең баскетбол мен футбол шағын алаңы орналасқан жер қоршалмаған. Бұл айналада тұратын адамдар қалаған уақыттарында келіп, демалу үшін жасалған.