Екібастұз тұрғынының көлігінен үш центнерге жуық мөңке балығы тәркіленді (ВИДЕО)
Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Май ауданы Қарасора көлінің жағасында Екібастұз қаласының 40 жастағы тұрғынының ВАЗ-2109 автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің салонынан жалпы салмағы 271 келі болатын 10 қап мөңке балығы табылып, тәркіленді.
– Сондай-ақ, 30 қазанда Май ауданы ауылының шетінде 27 жастағы ауыл тұрғыны аң ұстауға аң аулау ілмектерін орнатқан. Бұл ретте оның рұқсат беру құжаттары болмаған. Жануарлар әлемін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік материал толтырылды, – дейді департаментте.
Естеріңізге сала кетейік, табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу мақсатында 20 қазан - 19 қараша аралығында облыс аумағында «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Тәртіп сақшылары бекітілген аңшылық алқаптарында ғана аң аулауға болатындығын еске салады. Аңшының өзімен бірге тиісті жылға мемлекеттік баж төленгені туралы белгісі бар аңшы куәлігі, аң аулауға рұқсаты, аңшылық шаруашылығы субъектісінің бағыты, аңшылық атыс қаруын алып жүру құқығына рұқсаты болуы тиіс.