Екібастұзда сайлау науқаны штаттық режимде өтуде

Екібастұзда сайлау науқаны штаттық режимде өтуде
Фото: қалалық ішкі саясат бөлімінен

Кеншілер шаһарының тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Екібастұз қаласы бойынша сайлаушылардың жалпы саны – 97 691 адам. Қала аумағында барлығы 65 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 45-і қалада орналасқан, соның ішінде екі жабық сайлау учаскесі бар. Ал ауылдық аймақта тұрғындардың дауыс беруін қамтамасыз ету үшін 20 сайлау учаскесі ұйымдастырылған.

Таңертеңнен бастап сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі байқалады. Дауыс беруге келген азаматтар қатары артып, келушілер легі үздіксіз жалғасуда. Қала тұрғындары сайлау науқанына жауапкершілікпен қарап, өз таңдауларын жасауға уақыт бөліп жатыр.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру үдерісін ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалған. Комиссия мүшелері сайлаушыларды қабылдап, дауыс беру рәсімінің белгіленген тәртіпке сәйкес өтуін қамтамасыз етуде.

Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда комиссия мүшелері тасымалданатын дауыс беру жәшігімен азаматтың орналасқан жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады. Бұл әрбір сайлаушының өз азаматтық құқығын пайдалануына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытқа дейін сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар мен тәртіпке қайшы әрекеттер анықталған жоқ. Дауыс беру барысы белгіленген талаптарға сәйкес, штаттық режимде ұйымдастырылуда.

Дауыс беру жалғасуда.