Павлодарлық кәсіпкерлер «Адал Азамат» байқауына қатыса алады

Павлодарлық кәсіпкерлер «Адал Азамат» байқауына қатыса алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Атамекен» ҰКП республикалық конкурсқа өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Байқауға қызметін кемінде үш жыл жүзеге асырып келе жатқан микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.

Конкурс бизнесті адал жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, экологиялық мәдениет, қайырымдылық қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды насихаттауға бағытталған.

Қатысушылар қоғамдық және экологиялық бастамаларға, соның ішінде «Таза Қазақстан» акциясына қатысуы, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруы, табиғи апаттардың салдарын жоюға атсалысуы немесе қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды қолдауы сияқты критерийлердің біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі тиіс.

Байқау екі бағыт бойынша өтеді:

  • бизнестің экологиялық жауапкершілігі; 
  • бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. 

Әр бағыт бойынша түрлі санаттағы қатысушылар арасында үш жеңімпаз анықталады.

Өтінімдер 2026 жылғы 1 қазанға дейін altynsapa.kz сайтында электрондық түрде немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы қағаз форматында қабылданады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 желтоқсанға дейін өтеді.

Сонымен қатар 1 тамыздан бастап қазақстандық кәсіпкерлерден «Ұлы дала елі» ұлттық қолшатыр брендін пайдалану құқығын алуға арналған өтінімдер де қабылдануда. Бағдарлама экспортқа бағдарланған отандық өнім өндірушілерді қолдауға және Қазақстан брендін халықаралық нарықта ілгерілетуге бағытталған.