Екібастұздық футболшылар жеңіліссіз сериясын жалғастырды

Екібастұздық футболшылар жеңіліссіз сериясын жалғастырды
Фото: «Екібастұз» ФК

Өкінішке қарай, есептік кездесуде «Батыр» матчтың соңғы секундтарында жеңісті уыстан шығарып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Виталий Спарышевтің шәкірттері өз алаңында шымкенттік «Академия Оңтүстік» командасын қабылдады. Маусымды екі жеңіліспен бастаған экибастұздықтар кейін жақсы қарқын алып, Бірінші лиганың соңғы төрт турында он ұпай жинаған еді. Қарсылас команда турнир кестесінің орта тұсында орналасқан.

Соған қарамастан, техникалық деңгейі жоғары қонақтар матч бойы бастаманы өз қолында ұстап, жаппай шабуыл ұйымдастырып, жоғары прессинг қолданудан тайынбады. Ал Виталий Спарышев қарымта шабуылға негізделген тактиканы таңдады және ол алғашқы таймның ортасында нәтижесін берді. Қарсы шабуылдардың бірінде Артур Пискун сол қапталмен өтіп, орталыққа қарай ойысып барып соққы жасады. Доп оңтүстіктің қорғаушыларының біріне тиіп, қақпа торынан бір-ақ шықты — 1:0.

Айта кету керек, «Батырдың» жаңа ойыншысы Артур Пискун алаңдағы үздік футболшылардың бірі болды. Ол допты жақсы ұстап, командасына көп пайдасын тигізді.

«Академия Оңтүстік» шабуылын жалғастыра берді. Бұл өз әсерін бермей қоймады. Ақыры алаң иелері өз айып алаңында ереже бұзып, тағайындалған пенальтиді Дінмұхамед Нышантай сәтті орындады — 1:1.

Екінші таймда ойын аздап теңесті. Сирек шабуылдардың бірінде Диас Күшкімбаевты қақпадан шамамен 30 метр жерде құлатып кетті. Айып добын орындауға жәбірленушінің өзі келіп, қателеспеді. Доп шымкенттіктер қақпасының тура «тоғыздығына» дәл тиді. Ойынның аяқталуына шамамен 20 минуттай уақыт қалған еді.

Оңтүстік командасы «Батырдың» қақпасына жаппай қысым жасады, алайда уақыт сырғып өтіп жатты. Төреші қосқан минуттар да басталды. Екібастұздықтар жеңіске жететіндей көрінген. Бірақ қонақтар бәрібір допты қақпаға енгізіп үлгерді. Тіпті «Академия Оңтүстік» жеңісті жұлып әкетуі де мүмкін еді, алайда алаң иелерін қақпашы Станислав Самойлов құтқарып қалды.