«ЭкоIQ»: Ақсу студенттері экобілімді күшейтуде
Студенттер қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу ережелері және жауапты тұтыну туралы дәріс тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде «ЕЭК» АҚ электр станциясының экологтары ұйымдастырған экоағарту күні өтті. Кездесудің басты мақсаты – жастардың экологиялық ойлауын дамыту және табиғатқа деген жауапты қарым-қатынастың практикалық дағдыларын қалыптастыру болды. Іс-шара аясында қалдықтарды тиімді басқару бойынша оқыту дәрісі және «ЭкоIQ» экологиялық викторинасы өткізілді.
Дәріс барысында студенттер қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу ережелерімен, сондай-ақ экологияға қамқорлықтың күнделікті әдеттерден басталатынымен танысты. Олар тұрмыстық қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу жолдарын, сұрыптау кезінде жиі жіберілетін қателіктерді және өздерінің «экологиялық ізін» қалай азайтуға болатынын жеңіл әрі түсінікті форматта білді.
– Біз балалардың экологияның әрқайсымыздан басталатынын түсінгенін қалаймыз. Қарапайым әрекеттер – қоқысты арнайы жәшікке тастау, батареяларды қайта өңдеуге өткізу, ресурстарды үнемдеу – өте маңызды. Осындай қадамдардан планетаға деген жауапты қарым-қатынас қалыптасады, – деді Ақсу электр станциясының мониторинг және бақылау жөніндегі сарапшысы Ксения Завалко.
Дәрістен кейін студенттер командалары «ЭкоIQ» викторинасына белсенді қатысты. Қатысушыларға экологиялық есептерді шешу, қалдықтармен дұрыс және бұрыс жұмыс істеу үлгілерін ажырату, сондай-ақ өздерінің инновациялық ұсыныстарын айту тапсырылды. Бұл бөлім студенттерге алған білімдерін бекітіп қана қоймай, тапқырлықтарын көрсетуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың қоршаған орта үшін жеке жауапкершілігін арттырып, таза әрі саналы болашаққа бағытталған маңызды қадам болып табылады.