Екібастұз базарында велосипедші қызды қағып кетті

Құқық бұзушы оқиға орнынан қашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
9 шілде күні сағат 14:00 шамасында. «Шелковый путь» базарында кәмелетке толмаған жасөспірім велосипедпен ата-анасымен келе жатқан баланы қағып кеткен. Құқық бұзушы оқиға орнынан жасырынып кеткен. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді.
– Бұл көшеде ата-аналар бала арбамен жиі қыдырады, балалар ойнайды. Алайда, бұл жерде жол белгілері мен жылдамдықты шектеу сияқты қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз, – дейді анасы.
Павлодар облысының полиция департаменті тұрғынның арызына жауап берді.
– Мәшһүр Жүсіп көшесінде белгісіз велосипедшімен соқтығысуы салдарынан бес жасар қыз жарақаттармен Екібастұз қаласының орталық қалалық ауруханасына жүгінуі бойынша тергеу жүріп жатыр, – деп түсіндірді ведомствода.
Базарда қозғалысқа ешқандай шектеулердің болмауына және орын алған жағдайға байланысты ата-ана базар аумағында велосипедпен, мопедпен, мотоциклмен және самокатпен жүруге тыйым салуды, «Абайлаңыз, балалар!» деген жол белгілерін орнатуды, базар аумағында көлік қозғалысының жылдамдығын сағатына 20 шақырымға дейін шектеуді, бейнебақылау камерасын орнатуды, велосипедшілерге арналған бөлек жолдар ұйымдастырып, ата-аналар мен балалар арасында қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды.