Павлодарда 18 ғасырда қолданылған қарулар көрмеге қойылды
Естай атындағы мәдениет сарайында Отан қорғаушылар күніне орай көне қарулардан құралған көрме өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, мерекеге орай ұйымдастырылған көрмеге қимақ батырларының киімдері, сауыт-саймандары және де бахадүр батырлардың қолданған бес қаруы қойылған.
Бұдан бөлек, қазіргі замануи мылтықтар мен тапаншалардың үлгілері, пышақ, граната, рацияның түрлерін көруге болады.
– Сол кездердегі қолданған басқа да құрал-жабдықтардың барлығы осы көрмеден орын алып отыр. Көрменің мақсаты – Отанын қарашығындай қорғаған айбынды, асқақ, мықты батырлардың ерлігін насихаттау. Барлығы 50-ге жуық экспонат қойылды. Оның ішіндегі ең көне жәдігер – қайқы қылыш. Сондай-ақ ерте кездердегі қолданған, қанжар, айбалта, қимақ батырдың киімі, 18 ғасырда қолданылған қарулар бар, – деді Жеңісбек Қадырұлы.
Сонымен қатар Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Потанин атындағы тарихи өлкетану музейі медициналық колледжде «Эвакогоспиталь. 1942 жыл» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге соғыс уақытындағы медициналық құралдар, эвакогоспиталь дәрігерлерінің заттары қойылды.
Музей қызметкерлері № 34 мектепте «Үш ғылымның қиылысында» атты тарих, орыс тілі және әдебиеті пәндік апталығы аясында қордан көшпелі көрме ұйымдастырып, Павлодар Ертіс өңірінің тарихы туралы дәріс оқыды.