Екібастұз электр қосалқы станциясы инновациялық шкафпен қорғалуда
Ол өзіне-өзі қызмет көрсетіп, Wi-Fi желісіне қосыла алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен облыстық және қалалық мәслихат депутаттары «Горэлектросеть» ЖШС инвестициялық бағдарламаны қалай жүзеге асырып жатқанын тексерді. 2023-2024 жылдарға кәсіпорынның электр желілеріндегі жұмыстарға 443 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға орталық қосалқы станциясындағы коммутациялық жабдықты ауыстыру, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және трансформатор сатып алу жұмыстары жүргізілген.
Басқару шкафы – вакуумдық реклоузер бөліктердің бірі. Шкаф желілер мен сымдардағы барлық электрлік параметрлер мен сипаттамаларды есептеп, сақтайды. Оның міндеті – трансформаторды және 35 киловольт класындағы бүкіл қосалқы станцияны ішкі қысқа тұйықталудан қорғау. Ол ақпаратты өзі өңдеп, жабдықтардың бір бөлігін немесе барлығын өшіру немесе ауыстыру сигналын береді.
– Шкаф жұмысшылардың қатысуынсыз өздігінен диагностика жүргізеді, авариялық өшірулер де жасай алады. Сондай-ақ автоматты қосу және тұйықталуға қатысты барлық оқиғаларды базаға сақтап қояды. Диспетчердің компьюетріне интернет арқылы барлық ақпаратты көрсетеді. Бұл жабдық Ресейден әкелінген, – деді «Горэлектросеть» ЖШС бас инженері Сергей Даниленко.
Құрылғының құны – 50 миллион теңге, ал кепілдігі – 50 жыл.
Биыл «Центральная» электр станциясында реклоузерлер ауыстырылды. Реколузербұл – шамадан тыс жүктеме кезінде электр қуатын өшіретін жабдық. Енді олар жиі жөндеуді қажет етпейді.
– Олар өте қауіпсіз. Майдың орнына силикон құйғандықтан, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осылайша, экологияға да зиян келтірмейді. Жабдықтың тағы бір артықшылығы – салмағы мен өлшемінің аздығы, – деп атап өтті инженер.
«Центральная» электр станциясы Екібастұздың үштен бір бөлігіне, соның ішінде үлкен оңтүстік шағын ауданына электр қуатын береді. Жабдықтарды жаңартқаннан кейін жарықтың жиі сөндірілуі қаупі барынша азайтылды.
Фото: Асия Серикова