Павлодардың дәрігерлері жаңа туған нәрестені өлімнен аман алып қалды
Облыстық перинаталдық орталықта кішкентай пациенттің өмірі үшін осындай күрделі әрі үмітке толы оқиға орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық дәрігерлерінің сөзінше, нәресте жүктіліктің 36-аптасында, салмағы небәрі 1,5 келі болып дүниеге келді. Алғашқы сәттен-ақ оның өміріне сирек кездесетін ақау — диафрагмалық грыжа қауіп төндірді. Бұл жағдайда іш қуысы мүшелері (ішек, асқазан) көкеттегі ақау арқылы кеуде қуысына өтіп кетіп, өкпенің толық ашылып, еркін тыныс алуына кедергі жасайды.
- Жағдайдың күрделілігі бірнеше факторға байланысты болды. Біріншіден, 1,5 келі салмақтағы сәбиге операция жасау аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап етеді. Екіншіден, хирургтерге мүшелерді өз орнына қайтарып қана қоймай, «грыжалық қапшықты» мұқият алып тастап, көкеттің тұтастығын қалпына келтіру қажет болды. Үш күн бойы неонатолог-реаниматологтар нәрестені операцияға дайындап, әрбір көрсеткіш үшін күресті, - дейді дәрігерлер.
Үшінші тәулікте хирургтер зергерлік дәлдікпен ота жасап, ішкі мүшелерді қалыпты анатомиялық орнына орналастырып, диафрагманы қалпына келтірді.
Нәтиже көп күттірмеді: бірнеше күннен кейін сәби өздігінен тыныс ала бастады. Бұл — өкпенің дербес жұмыс істей бастағанын білдіретін маңызды клиникалық көрсеткіш. Біртіндеп энтеральды қоректендіру басталып, бала оны жақсы көтерді. Бұл — сәбидің де, дәрігерлер командасының да үлкен жеңісі.
Бұл жағдай аймақта неонаталдық хирургиялық көмектің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді. Перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелерге арналған хирургиялық төсектердің ашылуы уақыт жоғалтпай, тасымалдау тәуекелінсіз шұғыл әрі кәсіби көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жыл сайын орталықта неонаталдық хирургтер әртүрлі күрделіліктегі оннан астам операция жасайды. Осындай сәттерде медицинаның шынайы күші айқын көрінеді: шешімдердің нақтылығы, іс-қимылдың сенімділігі және әрбір өмір үшін жауапкершілік.