Павлодарлық құтқарушылар екі әйелді ажалдан арашалап қалды

Павлодарлық құтқарушылар екі әйелді ажалдан арашалап қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Олар жедел жәрдем қызметіне тапсырылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өткен аптада ТЖД қызметкерлері адамдарға көмек көрсету бойынша 10 шақыртуға шықты.

- Мәселен, Екібастұз құтқарушылары жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек беруге аттанды. Оқиға орнына келген мамандар Chevrolet көлігінің ішінде қалып қойған 1969 жылы туған зардап шеккен әйелді арнайы гидравликалық жабдықтың көмегімен босатып, оны 103  қызметкерлеріне тапсырды, - делінген хабарламада.

Сол күні Павлодардың қарт тұрғынына да құтқарушылардың көмегі қажет болды. Әйел өз пәтерінің есігін аша алмағаны туралы шағымданған. Оқиға орнына келген ТЖД қызметкерлері полиция мен туыстарының қатысуымен альпинистік жабдықты пайдаланып, бесінші қабаттың балконынан төртінші қабатқа түсіп, арнайы жабдықтың көмегімен балкон терезесін ашып, пәтерге кірді. 1934 жылы туған егде жастағы қала тұрғыны өзін нашар сезініп, есікті аша алмаған. Алғашқы медициналық көмек көрсеткен құтқарушылар оны жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

Құтқарушылардың жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында зардап шеккендер қажетті медициналық көмекті уақытылы алды.