Павлодар және Түркия университеттері меморандумға қол қойды
Бұл келісім «Тарих» және «Шет тілі» мамандықтары бойынша оқитын студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Тоқат Газиосманпаша университетімен (Түркия) қос диплом туралы меморандумға қол қойды. Марғұлан университетінің студенттері мен оқытушылары Түркиямен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына, тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысып, тағылымдамадан өтетін болады.
Университеттің басқарма төрағасы-ректорының м.а. Жанбол Жилбаев өз сөзінде Түркия университетімен қол қойылған келісімнің маңыздылығын атап өтті. Шартқа қол қою алдында екі мемлекеттің тиісті министрліктері нормативтік-құқықтық құжаттардың сәйкестігін ескере отырып, екі университеттің білім беру бағдарламаларының мазмұнын үйлестіру бойынша алдын ала жұмыс жүргізді.
– Бұл меморандум аясында болашақта шынайы жұмыс жүргізіледі. Бір жыл бұрын біз қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру туралы шартқа қол қойдық. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары арасында академиялық ұтқырлық шеңберінде студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам арасында белсенді алмасу жүргізілуде. Біздің төрт студент келесі тоқсанда Түркияға оқуға барады. Өз кезегінде біз Түркиядан келген алғашқы он студентті жатақханамен және тегін тамақпен қамтамасыз ете отырып, қабылдауға дайынбыз, — деп толықтырды Жанбол Октябрьұлы.
Өз кезегінде Түркия университетінің ректоры Фатих Йылмаз бауырлас халықтың қонақжайлылығы үшін әріптестеріне алғысын білдіріп, өзі басқаратын оқу орны туралы айтты.
– Біздің университет инженерия, технология, қолданбалы экономика, басқару және педагогика салаларында мамандар даярлайды. 1992 жылы құрылған оқу орнымызда 17 факультет бар, бүгінде әлемнің 65 елінен 35000-нан астам студент оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы қатарында 1700 қызметкер бар. Біз Марғұлан университетімен бірге жұмыс жүргізе отыра, педагогтарды даярлауда мол тәжірибе жинақтаймыз деп үміттенеміз, – деп атап өтті Фатих Йылмаз.
Сондай-ақ, кездесу барысында Фатих Йылмаз Марғұлан университетінің Құрметті профессоры атағымен марапатталды. Сапар барысында Түркиядан келген қонақтар университеттің жұмысымен танысты. Атап айтсақ, инклюзия кабинеттеріне, робототехникаға, биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығына, тарих мұражайына барды. Одан кейін дөңгелек үстел басында пікір алмасып, оқытушылардың академиялық ұтқырлығы және ғылым саласын дамыту жөніндегі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.