Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды

Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды
Фото: білім басқармасы

Ол Токио қаласында өткен физика бойынша халықаралық олимпиадаға Қазақстан құрамасының сапында қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, физика бойынша халықаралық олимпиада IPhO-2023 10-17 шілде аралығында Токио қаласында (Жапония) өтті. Білімділер додасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған әр түрлі елдердің жоғары сынып оқушылары қатысады.

- Олимпиадаға әлемнің 83 мемлекеттің 415 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасының намысын 5 оқушы қорғады. Оның ішінде Павлодардағы дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 оқушысы Нұртаев Даир да бар. Халықаралық олимпиаданың 2 турының қорытындысы бойынша Даир қола медаль иегері атанды. Жетекшісі Билида Анатолий, - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, жас физик Даирдің жетістігі халықаралық олимпиадаларда № 8 мектеп-лицей оқушыларының жоғары нәтижелерін жалғастырды. Бірнеше күн бұрын № 8 лицей-мектебінің оқушылары халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша екі қола медальге ие болды.

- Оқушыларды, ата-аналарды, мұғалімдерді үлкен табыспен құттықтаймыз. Ең биік шыңды табанды, қыңыр, күшті рух және оның жеңісіне сенетіндер бағындырады. Сіз осы қасиеттерді көрсетіп, елімізді халықаралық олимпиадаға лайықты түрде таныстырдыңыз, - деді басқармадағылар.

Айта кетелік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы сыйақы көзделген. Мәселен, алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтарға мынадай мөлшерде біржолғы сыйақы алады. I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, II дәрежелі диплом мен күміс медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде; III дәрежелі диплом мен қола медаль иегерін дайындаған педагогке - базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.

Бүгінгі таңда 754 қазақстандық оқушы 23 халықаралық олимпиадаға қатысып, нәтижесінде 241 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 75 күміс және 141 қола медаль.