Павлодарлықтардың экологиялық мәдениеті қалай өзгерді?

Павлодарлықтардың экологиялық мәдениеті қалай өзгерді?
Фото: Ақмарал Есімханова

Бұл сұрақтарға экоамбассадор Юрий Гашек жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Юрий Гашек төрағалық ететін «Жерге бақ сыйла» жеке қорының жобасы өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар арасында үздік деп танылды. 

Табиғат жанашыры облыс тұрғындарының табиғатқа деген қатынасы мен экологиялық мәдениетінің өзгергенін зор қуанышпен жеткізді.

- Осыдан 10 жыл бұрын халықты көгалдандыру шараларына шақыру, ағаш егудің маңызын түсіндіру қиын еді. Адамдар көбіне сырттан бақылап қана тұратын. Ал қазір жағдай мүлдем бөлек. Тұрғындар ағаш алар алдында оның егілетін орнын дайындап, суару жүйесін алдын ала реттеп келеді. Олар «дайын ағашты біреу егіп берсін» демейді, өздері білек сыбана кіріседі. Бұл - экологиялық сананың қалыптасқанының бір белгісі, - дейді Юрий Гашек.

Экобелсенді өзге табиғат жанашырларымен бірге осыдан 23 жыл бұрын Павлодардан 40 шақырым жердегі  Даниловка ауылында «Туған жер» экологиялық қонысын құрған. Қазіргі уақытта қаңыраған дала ну орманға айналды.

 Бұрын тек кесіртке мен саршұнақ мекендеген тақыр далаға қазір құстардың 20-дан астам жаңа түрі оралып, ұя сала бастаған. 

Юрий Гашек экологиялық білімнің кез келген мамандық иесіне қажет екенін айтады. Осы мақсатта ол Астананың бес жоғары оқу орнында студенттерге «Қолданбалы экология» бойынша практикалық дәрістер өткізеді. Сонымен қатар, өңір мектептерінде мыңдаған оқушыға ағаш отырғызу бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырған.

- Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі әр азаматтың ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Дәрігер болсын, мұғалім болсын, әр адам табиғи ресурстарды пайдаланушы ретінде экологиялық жауапкершілікті сезінуі тиіс ойлаймын, - деп түйіндеді сөзін Юрий Гашек.

Қазіргі таңда «Жерге бақ сыйла» қоры 30-50 жылға шақталған «Экологиялық ауыл», «Жеңіс бағы» және «Махаббат бағы» сияқты стратегиялық жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Ал көктемде дәстүрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Айшабибі Алтынбек