Екібастұз жастары интерактивті форматтағы форумға қатысты
Талқылаудың өзегіне «Заң және тәртіп» қағидаты – тұрақты әрі әділетті қоғамның негізі ретінде қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«EKB fest» жастар форумына жастар ұйымдарының көшбасшылары, спортшылар, блогерлер, «Ертіс-Баян» театрының әртістері, өндіріс орындарының жас мамандары, сондай-ақ референдумды қолдау жөніндегі Екібастұз қалалық коалициясының өкілдері қатысты.
Спикерлер заңға құрмет, жеке тәртіп пен белсенді азаматтық ұстаным елдің орнықты дамуының басты шарттары екенін атап өтті. Жастар осы құндылықтарды насихаттайтын негізгі күшке айналуы тиіс екені айтылды.

Форум интерактивті форматта өтті: қатысушылар сұрақ қойып, ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. LED-экранда жасанды интеллект технологияларының көмегімен қоғамдағы құқықтық тәртіп пен тұрақтылықтың маңызын көрсететін бейнероликтер көрсетілді.
«Жастар» блогында депутаттар мен жастар ұйымдарының жетекшілері бастамаларды іске асыру тетіктері және қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктері туралы баяндады. Спортшылар тәртіп пен ережені сақтау – жеке жетістік пен қоғамдық табыстың негізі екенін жеткізді. Блогерлер ақпараттық жауапкершілік тақырыбын қозғап, энергетика саласының өкілдері жас мамандардың өңірді дамытудағы үлесін атап өтті.
Форумның қорытынды бөлімінде жалпыұлттық коалициясының өкілдері сөз сөйледі. Олар референдум – елдің одан әрі дамуын айқындайтын маңызды қадам екенін, әрбір дауыс – ортақ болашаққа қосылған үлес екенін тілге тиек етті.
Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталып, қатысушылар «Атамекен» әнін бірге орындады.
Ұйымдастырушылар 15 наурыз – әрбір азамат ел болашағына өз үлесін қоса алатын маңызды күн екенін атап өтті.