Тарихи кезең: Успен ауданында бассейн ашылды
Жаңа нысан өңірдің спорттық кластердің бір бөлігіне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындарды құттықтап, оқиғаның маңыздылығын атап өтті:
– Бұл – Успен ауданы тарихындағы өте маңызды белес. Бассейн балалардың қауіпсіздігі, оларды жүзуге үйрету, денсаулықтары мен рухын нығайту мақсатында салынды. Мұндай оң өзгерістер еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен келісімнің арқасында мүмкін болып отыр. Бұл – мемлекет басшылығының дұрыс әрі ойластырылған саясатының нәтижесі, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы елдегі инфрақұрылымдық дамудың республикандық референдум қарсаңында ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Өз елін сүйетін, болашағын ойлайтын әрбір азамат осы тарихи қадамға қатысты пікірін білдіруі тиіс. Әркімнің азаматтық борышы – ел ішінде бейбіт әрі жауапты болу. Біз тұрғындардың жайлы өмір сүруі, қауіпсіздігі, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуі және спорттық орта мен инфрақұрылымға ие болуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Бұл соңғы нысан емес, ауылдар мен қалаларды әрі қарай дамытамыз, – деді Асайын Байханов

Көпбалалы ана Жайна Ұрымбаева алғысын білдіріп, жаңа бассейннің балалар үшін пайдалы болатынына сенім білдірді.
– Енді біздің ауданда да заманауи спорттық нысан бар. Балалар бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысады. Бұл дәстүр жалғасып, балалар жан-жақты дамиды деп үміттенемін, – дейді Жайна Ұрымбаева.
Жүзу жаттықтырушысы Мұрат Шырқау жаңа бассейннің спортшылар тәрбиелеуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Ең бастысы – оң үрдіс. Өткен жылы дене шынықтыру–сауықтыру кешені ашылды, ал биыл бассейн іске қосылды. Біз енді ең спортты аудан боламыз. Жастар бос жүрмейді, – деді Мұрат Шырқау.

Еске сала кетейік, аудан тұрғындары бассейн салу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Кеңес дәуірінде Константиновка ауылында осындай нысан жұмыс істеген, кейін жеке тұлғаға сатылып кеткен. Жаңа жобаны типтік құжаттама негізінде әзірлеп, жергілікті жағдайға сай толықтырды: модульді қазандық, электр және су жүйелері, сыртқы желілер қарастырылды.
Бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені – 7 метр, тереңдігі – 1,4-тен 2 метрге дейін. Төрт жолаққа бөлінген. Ғимаратта душ бөлмелері, медпункт, жаттықтырушы бөлмесі және киім ауыстыру орындары бар. Нысан 24 адамға дейін қабылдай алады.
Соңғы жылдары ауданда спорттық нысандар белсенді салынып жатыр. Биылғы жылдың басында Успен ауданында спорттық кешен ашылған болатын. Жаңа бассейн аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанында орналасқан. Мұнда 500-ден астам оқушы спортпен айналысады, олардың жүзге жуығы – Успенка ауылының балалары. Осылайша, аумақ толыққанды спорттық кластерге айналды.
Бассейндер басқа аудандарда да кезеңмен–кезеңмен салынып жатыр.