Павлодар облысында ірі көлемде мал ұрлаушылар тобы қолға түсті
Жедел қызметкерлер 9 күдіктіден тұратын қылмыстық топты анықтап, 4-ін қамауға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алдын ала мәлімет бойынша, өткен күзде күдіктілер еркін жайылымдардан мал ұрлаған.
- Қолды қылған малды сойып, етін өткізіп отырған. Келтірілген материалдық шығын 40 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы тексерілуде. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, – деді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Бұдан бөлек, полиция ветеринарлық қызметпен бірлесіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдау бойынша тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Мамандар жайылымдарды және қараусыз жүрген малды, сондай-ақ сауда нүктелерін, базарларды, сою пункттерін және мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеруде. Бұл ретте мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттарға және ветеринарлық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады.
Тәртіп сақшылары мал иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Ұрлық деректерінің басым бөлігі қараусыз және бірдейлендірілмеген малға қатысты тіркелуде.