Павлодар облысында электр желісінде блэкаут болмайды
Асайын Байханов облыстағы энергетикалық жүйенің жағдайы туралы талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысына Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы электр қуатына қатысты сұрақ қойды. Асайын Байханов электр желісіне қатысты мәселе туындамайтынын айтты.
– Электрмен жабдықтау желілері ескірген. Біз оларды жаңартып жатырмыз. Олардың ұзындығы шамамен төрт мың шақырым болса, жыл сайын 20-30 шақырым өзгертсек те, желідегі тозудың деңгейін төмендету мүмкін емес. Сондықтан да Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын қабылдады, – деді Асайын Байханов.
Оның айтуынша, монополистер инвестициялық бағдарламалары қайта қарауға кірісіп, электр, су, жылу және кәріз желілерін жөндеуге кететін шығынды көбейтуге дайын. Бағдарлама қазірдің өзінде бекітілген.
– Блэкаутқа келетін болсақ, ол болмайды. Ал екінші Павлодарда және Шығыс шағын ауданында жарықтың үнемі сөніп тұруының себептері бар. Мысалы, ағаш бұтақтары сымдарды үзіп тұрады. Ал Малайсары 53 пен 55 көшелеріндегі трансформаторлық қосалқы станцияларға ешкім қызмет көрсетпейді,– деді облыс әкімі.
Айта кетерлігі, Малайсары 53 және 55 учаскелердегі трансформаторлық қосалқы станцияларды Қазақстан ипотекалық компаниясы салған. Кезінде оның қызмет көрсетілуі ПРЭК-ке берілмеді. Енді әкімдік оларды сот арқылы облыс әкімдігі немесе ПРЭК-тің балансына беруді қарастырып отыр.
Әсия Серікова