Екібастұз әуежайының қайта ашылатын мерзімі белгілі болды

Екібастұз әуежайының қайта ашылатын мерзімі белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде Павлодар – Омбы тікелей әуе рейсін іске қосу және Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік байланысын күшейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумына Қазақстан мен Ресейден 150-ден астам мемлекеттік орган, бизнес, ғылым және қоғам өкілі қатысты. Жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жоспарларын таныстырды.

Форумға Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Түмен облысы губернаторының орынбасары Андрей Пантелеев, Ханты-Мансий автономиялық округі – Югра губернаторының орынбасары Павел Ципорин және басқа да өңірлердің өкілдері қатысты. Омбы облысынан 50-ден астам адам, оның ішінде 20-дан астам компанияның өкілі келді.

Асайын Байхановтың айтуынша, Павлодар облысының Ресей Федерациясымен шекарасы 700 шақырымнан асады. Өңірдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының ауқымы және шекаралық орналасуы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қажет етеді.

Соның бір бағыты – Екібастұздағы әуе қатынасын қалпына келтіру. Қала әуежайы 1986 жылдан 2008 жылға дейін жұмыс істеген.

– Екібастұздың өндірістік әлеуеті өте үлкен. Бүгінде оны кеншілер қаласы ғана емес, энергетиктер мен теміржолшылар қаласы деп те атауға болады. Сондықтан Екібастұз әуежайын қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл мәселемен тығыз айналысып жатырмыз. 2028 жылы оны толық аяқтап, ашамыз деп үміттенемін, – деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы осы әуежаймен байланысты балалық шағындағы естелігін де бөлісті.

– Мен де бала кезімде осы әуежайдан әкеммен бірге Мәскеуге ұшқанмын. 80-жылдардың соңында осындай рейс болған еді, – деді облыс әкімі.

Екібастұз әуежайын қайта ашу мәселесі биыл Мемлекет басшысы деңгейінде көтерілді. 2026 жылғы 21 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдап, Екібастұзбен әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысында Президент өңір басшысына қалада жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Форумда Павлодар мен Омбы арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу мүмкіндігі де талқыланды. Павлодар халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталған. Асайын Байхановтың айтуынша, көршілес екі өңір жаңа бағытты дамытудың бірнеше нұсқасын қарастырып отыр.

– Бұл мәселені кеше жолда талқыладық және әуе қатынасын дамытудың бірнеше нұсқасын таптық. Енді оны екі өңір бірлесіп пысықтайтын болады, – деді Асайын Байханов.

Виталий Хоценко Павлодар – Омбы бағытын іске қосу үшін Омбы әуежайы өзара тиімді шарттар мен қызмет көрсетуге жеңілдіктер ұсынуға дайын екенін айтты. Губернатор алғашқы кезеңде аптасына бір рейстен бастап көруді ұсынды.

– Тікелей әуе қатынасы Омбы мен Павлодар арасындағы байланысты нығайтудың тағы бір нақты қадамы болатынына сенімдімін. Алдымен аптасына бір рейсті іске қосып көру керек. Егер бағыт сұранысқа ие болса, оны әрі қарай кеңейтуге болады, – деді Виталий Хоценко.

Оның сөзінше, жаңа рейске экономикалық байланыстармен қатар екі өңір арасындағы қалыптасқан адами қарым-қатынас та негіз бола алады.

– Павлодар өңірі Омбы облысына жақын. Туыстары, достары мен таныстары бар адамдар көп. Сондықтан Асайын Қуандықұлының Омбы – Павлодар тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі бастамасын толық қолдаймын, – деді Омбы облысының губернаторы.

Автомобиль қатынасында негізгі жобалардың бірі – «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» республикалық маңызы бар жолындағы Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір. Асайын Байхановтың айтуынша, нысан Астана мен Омбы арасындағы жолды 60 шақырымға қысқартады.

– Қазір жол Павлодарды айналып өтеді. Жаңа көпір арқылы тікелей жүруге мүмкіндік туады. Бұл жеткізу уақытын да, тасымалдаушылардың қаржылық шығынын да азайтады, – деді өңір басшысы.

Көпірдегі қозғалысты осы күздің соңында немесе келесі жылдың ерте көктемінде ашу жоспарланып отыр.

Көлік жүйесінің тағы бір бөлігі – теміржол. Павлодар облысының аумағы арқылы 1200 шақырым теміржол өтеді. Өңір Ресей облыстарымен теміржол дәліздерін одан әрі кеңейтуге мүдделі.