Павлодарда жедел жәрдемді Telegram-бот арқылы да шақыруға болады

Павлодарда жедел жәрдемді Telegram-бот арқылы да шақыруға болады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары 103-ке бірнеше телефон нөмірі арқылы хабарласып қана қоймай, мессенджерді де пайдалана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, тұрғындар тәулік бойы +7 (7182) 222550, 320024, 536430 нөмірлері арқылы көмекке жүгіне алады. Ал жұмыс уақытында +7 (7182) 650500 телефоны бойынша пациенттерді қолдау қызметінің маманына қоңырау шалуға болады. Сондай-ақ, +7 771 560 0719 ұялы нөмірі де жұмыс істейді.

Егер азаматтар «112» нөміріне жедел жәрдем шақыру үшін қоңырау шалса, бұл қоңырау автоматты түрде «103» диспетчеріне қосылады.

– Көмекке жүгінудің тағы бір жолы – Telegram мессенджері. Ол үшін тұрғындар арнайы ботқа тіркеліп, «Жедел жәрдем шақыру» батырмасын басуы қажет. Нұсқаулыққа сәйкес жарақатты немесе сырқатты сипаттап, науқастың орналасқан жерін барынша нақты көрсету керек, – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Мессенджер арқылы келіп түскен өтінім облыстық жедел жәрдем станциясының бірыңғай колл-орталығында өңделеді. Диспетчер алдымен шақырудың жеделдігін анықтайды. Төрт санаттың әрқайсысы үшін өз келу уақыты белгіленген.

– Мысалы, адамның өміріне нақты қауіп төнген бірінші санаттағы шақыру 15 минут ішінде орындалуы тиіс. Ал төртінші санаттағы шақырулар емханаларға жіберіліп, олардың жылжымалы бригадалары қызмет көрсетеді, – делінген хабарламада.

Өтінімнің қабылданғанын боттағы «Өтініш мәртебесін тексеру» батырмасын басу арқылы өз бетінше білуге болады. Барлық қажетті ақпарат «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде де бар.

Еске сала кетейік, өңірде жедел жәрдемді Telegram арқылы шақыруға мүмкіндік беретін 103_pvl боты алты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоба COVID-19 пандемиясы кезінде «103» желісіне түсетін жүктеме күрт артқанда іске қосылған. Бот арқылы келіп түсетін өтініштер телефон қоңырауларымен бірдей тіркеледі, ал бұл тәсіл телефон желісіне жүктеме жоғары болған кезеңдерде ерекше сұранысқа ие.