Екібастұзда құтқарушылар 70-тен асқан әйелге көмек көрсетті
Зейнеткер телефон қоңырауларына жауап бермеген соң, туыстары құтқарушыларды шақырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 11 қараша күні сағат 10:56-да Екібастұз қаласында қарт әйелге көмек қажет екені туралы хабарлама 112 қызметіне түскен.
Туыстары зейнеткерге телефон арқылы хабарласа алмаған. Әйел пәтерінің есігін де ашпағандықтан, олар құтқарушылардан көмек сұраған.
– Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы құралдардың көмегімен кіреберіс есікті ашты. Пәтер ішінен 1953 жылы туған әйел табылды. Ол өздігінен қозғала алғанымен, айналасын бағдарлай алмай отырған, – делінген хабарламада.
Құтқарушылар дереу жедел жәрдем шақырған.
– Шақырту 103 пультіне сағат 11:13-те түскен. Медициналық бригада оқиға орнына жеті минутта жетіп, зейнеткерді Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметі.
Аурухананың баспасөз қызметі әйелдің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.
– Пациент 11 қараша күні сағат 13:00-де Екібастұз қалалық ауруханасының жалпы терапия бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлықта. Қазіргі уақытта қажетті ем қабылдап, тексеруден өтіп жатыр, – деп хабарлады медициналық мекеме.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға егде жастағы туыстарының хал-жағдайын үнемі біліп отыруды және олар ұзақ уақыт байланысқа шықпаған жағдайда мұны назардан тыс қалдырмауды ескертеді.