Ертіс ауданының ауыл тұрғыны жабайы қарасора өсірген
Бұған дейін де жабайы өсімдікті өсіргені үшін полиция қызметкерлерінің көзіне түскен еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында жабайы қарасораны жоймаудың екі фактісі анықталды.
– Алдын алу іс-шарасының нәтижесінде полицейлер 25 ұйғарым шығарды, екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кінәлі тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Осылайша, тәртіп сақшылары 57 жастағы ауыл тұрғынының жер учаскесіне тексеру барысында ауласында жабайы қарасораны өсіріп жүргені анықталды. Бұған дейін ер адамға жабайы қарасораны жою туралы бұйрық берілген болатын, бірақ бұл бұйрықты елемеген.
–Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды, – деді Серік Үсенов.
Тәртіп сақшылары жабайы қарасораны жою бұйрығын орындамағандарға 10-100 АЕК салынатынын ескертті.