Тереңкөл ауданында полиция капитаны өрт болған үйден жасөспірімді алып шықты
Қуаныш Жаябаевтың жедел әрекет етіп, шешім қабылдауы нәтижесінде жеткіншектің зардап шегуіне жол берілмеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Тереңкөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, 10 мамырда сағат 18.04-те № 8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пультіне Федоровка ауылында тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Шақыру орнына № 8 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жіберілді. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін Тереңкөл ауданының полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қуаныш Жаябаев түтінді байқап, сол жерге қарай бет алды.
– Оқиға орнына келгенде үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Дереу ойланбастан отқа оранған үйге кіріп, бөлмелердің бірінен 14 жастағы баланы көрдім. Бірден оны сыртқа шығаруға асықтым, алайда шығатын жол көрінбеді, өйткені үйдің ішін қалың түтін басқан еді, – дейді Қуаныш Жаябаев.
Дегенмен жағдайдың күрледілігіне қарамастан, полиция капитаны жасөспірімді сыртқа алып шыққан.
Қуаныш Жаябаев 2015 жылдан бастап полиция органдарында жұмыс істейді.