Көліктер бөгет: Павлодарды қардан сапалы тазалаудың жолы ұсынылды
Ол үшін арнайы жол белгілерін орнату керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов мәлім етті.
– Қалаларда қарды тазалаумен алты ұйым айналысатын болады. Олар 359 техникамен қамтамасыз етіп, 355 жұмысшыны жұмылдырады. Сондай-ақ қорда 33 мың тонна инерт материал дайын тұр, – деді Ержан Салханов.
Оның сөзінше, ағымдағы жылы облыстың елді мекендерінің көшелері мен жолдарын күтіп ұстауға 4,5 миллиард теңге бөлінген.
– Жолдарды қардан тазартуға арналған техникалық ерекшеліктерге сәйкес жолдың толық ені мен жолақтардың шеткі бекіністерін күн сайын екі ауысымда қар шығарылатын болады. Демалыс пен мереке күндері де қар шығарылады. Ол үшін арнайы қар шығаратын полигондар анықталды, – деді ол. – Егер де тұрғындардың коммуналдық қызмет пен мердігерлік ұйымдардың жұмысына көңілі толмаса, олар «109» бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.
Былтыр бірыңғай байланыс орталығына елді мекендерден қар тазалау мәселесіне қатысты 2236 шағым мен өтініш түсті. Бұл өткен қысқы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға көп болды. «Қазгидромет» РМК-дан алынған мәліметтеріне сәйкес жауын-шашынның көп мөлшері қараша, қаңтар, наурыз айларына келеді.
Бұдан бөлек, қарды тазалауда кездесетін қиындықтың бірі – көліктердің кептелісі.
– Жол бөлігі мен ауланың ішіндегі аумақ жеке көліктермен қаптап тұрады. Көліктерді көше бойына қойып, автотұрақтардағы кез келген бос орынды алып алады. Мұндай жағдайларда қардан сапалы және тез тазарту мүмкін емес, – деді Ержан Салханов.
Басқарма басшысы қалаларда қарды шығарған кезде шекаралар бойымен уақытша жол белгілерін орнатуды ұсынды. Мысал ретінде Усолка шағын ауданын, Естай, Лермонтов, М.Жүсіп көшелерін келтірді.
– Бұл мәселе өте маңызды, әсіресе қалаларда қар шығару және тазалау. Маусым жақын арада басталады, сондықтан бізге ең бастысы уақытында техниканы дайындау керек. Қалалардың дайындығы бойынша мен өзім қалаларды аралап шығамын. Павлодардан бастаймыз, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі қала мен аудан әкімдерінен барлық арнайы техниканы толық дайындыққа келтіруді талап етіп, жолдарды күтіп ұстауда сапалы дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.