Жалаулы ауылы таза ауызсумен қашан қамтамасыз етіледі?

Сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңірлік мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрбек Қонротбаев тексеру нәтижесінде тапсырыс берушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 323-бабы бойынша хаттама толтырылғанын мәлімдеді.
– Өткен жылы су тасқыны кезінде сүзгілеу сорғы станциясының аумағы су астында қалды. Салдарынан таза су резервуарлары мен сорғы жабдықтары зақымданды. Қазір кепілдік міндеттемелер шеңберінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ұңғымалар су астында қалып, оларды тазалау мүмкін болмай отыр. Сондықтан қосымша ұңғыма қазу ұсынылды. Бұл жұмысты мердігер ұйым атқаруда, – дейді Нұрбек Қонротбаев.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданына жасаған жұмыс сапарында проблемалық нысандардың барын еске салды.
– Солардың бірі – Жалаулы ауылындағы су құбыры құрылысының сапасы. Қажетті шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, Әуелбек ауылындағы Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы мектепке қатысты тапсырма бар, – дейді өңір басшысы.
Аудан әкімі Қаршыға Арынов мектеп пен су құбыры құрылысы 20 тамызға дейін аяқталатынын жеткізді.
– Ауыл тұрғындары толық көлемде сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Әуелбек ауылындағы мектептің құрылысын 15 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жұмыс белсенді жүргізілуде, жобадан ауытқулар жоқ. Техникалық қадағалау ұйымдарының лицензиялары бар, – дейді Қаршыға Арынов.
Облыс басшысы бұзушылықтар анықталған нысандардағы жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін айтты.
– Әлеуметтік желілерде тұрғындар мектеп жөндеулері мен жұмыс сапасына алаңдаулы. Жаңа оқу жылы басталар алдында ешқандай кідіріс пен кедергілер болмауы тиіс. Аудан әкімдері бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарауы қажет. Жұмыстарды өздеріңіз жеке бақылаңыздар, – деді Асайын Байханов.
Ақтоғай ауданының Шолақсор, Балтасап, Жалаулы, Шілікті, Ақжол және Барлыбай ауылдарында әлеуметтік нысандар жөнделуде. Тексеру барысында аудан басшылығы су және жылу желілерінің жағдайына, инфрақұрылымның жалпы ахуалына ерекше назар аударылды. Кейбір ауылдарда жабдықтардың тозуы, су беру кезіндегі үзілістер және техникалық ақаулар тіркелді.
Нұрбек Қонротбаевтың айтуынша, басқарманың хаты негізінде Железин ауданына қарасты Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт құрылысына жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Техникалық және авторлық қадағалау сарапшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың әрекеті алты айға тоқтатылды. «Қайрат және К» ЖШС лицензиясынан айырылды.
Ревизиялық комиссияның хаттары бойынша Жетекші ауылында жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін су желілерін салуға қатысты тексерулер жүргізілді. «Көлсай строй» ЖШС мердігер ұйымы, авторлық қадағалаушы «Innovation Center Project» ЖШС және техникалық бақылаушы «Строй интеграция» ЖШС жауапқа тартылды. Бұл ұйымдардың аттестаттарының әрекеті жарты жылға тоқтатылды.
Жыл басынан бері тапсырыс берушілерден құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 477 хабарлама түскен, оның ішінде 158-і мемлекеттік нысандарға қатысты болып шықты. Жарты жыл ішінде 664 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан 49 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдар көлемі 23,4 миллион теңгені құрады. Оның 4,5 миллион теңгесі – сот шешімімен, қалған 19,3 миллионы басқарма шешімімен айыппұл ретінде салынған.