Екібастұзда 70 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді
Бүгінгі таңда барлық жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
– Екібастұз ЖЭО-дағы10 қазандық агрегаттың 6-на күрделі жөндеу және 2-не жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жылудың қажетті параметрлерін беруде,– дейді Асайын Байханов.
Оның сөзінше, қалған екі қазандық бойынша жұмыстар аяқталды. Бүгінде іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл Екібастұз қаласында ЖАО мен «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 70 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді.
– Екібастұз ЖЭО-ын жөндеуге 17 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде бюджеттен 8,5 миллиард және «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясын» акционерлік қоғамы қаражаты есебінен 8,5 миллиард,– деді Асайын Байханов.
Сонымен ақатар, биыл Ақсу қаласындағы жаңа қазандық бойынша «KBI Energy» ЖШС жобалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, «Мемсараптама» кәсіпорынының оң қорытындысын алды. Іске қосу-баптау жұмыстары 2024 жылдың көктемінде жүргізу жоспарлануда.