Екібастұзда асық ату спортшылары қаржылай марапатталды

Екібастұзда асық ату спортшылары қаржылай марапатталды

Облыстық асық ату федерациясының ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жасыбай» спорт кешенінде облыстық асық ату федерациясы президенті, облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантыковтың демеуімен Астана қаласы, Жамбыл мен Абай облыстары және өңіріміздің асықшылары ашық чемпионатқа қатысты.

Жарыста 18 команда 3 топқа бөлініп, шеберлік байқасты.

Облыстық асық ату федерациясы директоры Қалибек Қуанұлының айтуынша, асық ату спортына қызығушылық артып отыр. Ұлттық спорттың осы түрін дәріптеу мен насихаттауда облыстық федерация басшылығы ауқымды шараларды жүзеге асыру үстінде. Атап айтқанда, биылғы жылы асық ату спортының халықаралық федерациясы құрылып, оған 12 ел мүше болып кірді. Қыркүйек айында алғаш рет әлем чемпионаты болып, онда 16 елдің командасы ойнады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы І орынды иеленді. Қазақ спортшыларының жетістігіне өңіріміздің асықшылары қомақты үлес қосып келеді.

–    Астанада өткен Көшпенділер ойындарында ел командасы чемпион болғаны белгілі. Команда құрамында екібастұздық Жомарт Нұрланов пен тереңкөлдік Керім Жаздықбай ойнады. Ал Түркияның Анкара қаласында болған Әлем кубогы жарысында ел құрамасы сапында павлодарлықтар Саят Қизат, Қабылда Қуаныш және Әмірбек Қанат жеңімпаз атанды, — деді ол.

Турнир күнұзаққа созылып, әр топта бірінші және екінші орындарды иеленген командалар өзара ақтық сында шеберлік байқасты. Нәтижесінде Абай облысы командасы жеңімпаз болып, Баянауыл ауданы ІІ орынды, ал Жамбыл облысы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.