Баянауылда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінің мерейтойы аталып өтті
Шараға республикамыздың түкпір- түкпірінен қазақи салт-дәстүрді, әдет- ғұрыпты насихаттап жүрген ақ жаулықты аналар келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Торайғыр ауылында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестіктің Павлодар облысы бойынша филиалының бір жылдығына орай «Абысын-ажын» байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш шара қасиетті мекен Баянауылдың ұлы тумалары Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық, Әлкей Марғұланның 120 жылдық, Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойларына орайластырылып өткізілді.
Шараға Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясаты жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова қатысты.
Байқау қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қайта жаңғырту, жаңа заманға лайықтыру, мәдени мұраны насихаттау және оның дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, жас аналарды ұлттық дәстүрге тәрбиелеуді көздейді. Байқау 5 кезеңнен тұрды: «Сәлем –сөздің анасы», «Шебердің қолы алтын», «Өнерлі өрге жүзер», «Өмірдің айнасы-маған пайдасы», «Отбасым – кіші Отаным». Байқауда үздік өнер көрсетіп, шеберлік танытқан абысындар Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін республика көлемінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестіктің 200-ге жуық қала ауыл-аймақ филиалдары ашылды. Павлодар облысында 15 бірлестік ашылып, 5 ауылда ашылу салтанатына дайындық үстінде. Осы күнге дейін бір жылдың ішінде мектеп, колледж, кітапхана, басқа ұйымдармен меморандум жасап, бірлесе отырып барлығы 77 ірілі-ұсақты шара өтті. Алдағы күз айында облыстық тұңғыш байқауы –«Әже мен немере» сайысы өткізілмек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram