Ақсулық шығармашыл қауымның еңбектері «Ақиқат» журналында жарық көреді
Шаһарда зиялы қауым өкілдері жасанды интеллект, тіл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу орталық кітапханасында «Тіл - тамырдағы қан, дәстүр жазылмаған заң» атты шығармашылық кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласынан ғасырдан астам тарихы бар республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, PhD доктор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, қауымдастырылған профессор, «Жолшы» философиялық мәдениеттану орталығының төрағасы Нұржан Құлымжанов қатысты. Сондай-ақ Ақсу қаласының Құрметті азаматтары, қазақ тілі мен әдебиет, тарих пәндерінің мұғалімдері және кітапханашылар қауымы шақырылды.
Модератор Медғат Манапов спикерлермен тіл мәселесі, қоғамдағы жасанды интеллект ChatGPT болашағы мен рөлі, сакралдылық мәдени-философиялық концепті жайлы әңгіме өрбітіп, қонақтар тарапынан сұрақтар қойылды, көтерілген тақырыптар жан-жақты талқыланды.
– Талқыланған тақырыптар бойынша өзім білетін мәселелерге қосымша, кеңірек ақпараттар алдым. Тіл мәселесі, жасанды интелектің дамуы, қоғамдағы рөлін спикерлермен тереңірек талқылап, тақырыпты аша түстік. Сонымен қатар, туған тілдің келешегі қазіргі жастарда болғандықтан, сол жастардың бүгінгі таңда тілді әлеуметтік желіде қысқартып, бұрмалап қолдануы көтерілді. Мысалы, көпшілігі «жақсы» деген сөзді «ок» деп қана жаза салады, – деді көрермендердің бірі, Ақсу қаласы білім бөлімі Юрий Гагарин атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Алмас Ақтасов.
Кеш соңында Ақсу қаласында алдағы уақытта да осындай іс-шаралар офлайн және онлайн форматта жалғасын тауып республикалық «Ақиқат» журналында ақсулық шығармашыл қауымның еңбектері басылатын болып шешілді.